2023 жылғы 13 желтоқсанда ҚР АШҒА-ның Қазақстанда қант құмайын өндіру және өңдеу жобасы бойынша «KazBioSorgo» ЖШС және «IMP» қытай компаниясының (ҚХР) өкілдерімен кездесуі өтті.

2023 жылғы 13 желтоқсанда ҚР АШҒА-ның Қазақстанда қант құмайын өндіру және өңдеу жобасы бойынша «KazBioSorgo» ЖШС және «IMP» қытай компаниясының (ҚХР) өкілдерімен кездесуі өтті. Қант құмайын өндіру және өңдеу үшін инвестиция тарту мәселелері талқыланды.
Анықтама үшін: 2022 жылғы 23-24 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының королі Салман бен Абдель-Азиз Әл Сауданың шақыруымен Жиддаға (Сауд Арабиясы) ресми сапармен барды. Сапар аясында Қазақстан Президенті мен Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы келіссөздер жүргізіп, оның барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Тараптар өзара тауар айналымын айтарлықтай ұлғайту және жақын арада осы бағыттағы жұмысты жандандыру ниетін растады.
Осы инвестициялық форум аясында «KazBioSorgo» ЖШС мен «Ajlan & Bros Holding Group Company» арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Меморандум Қазақстан Республикасында қант құмайын өсіру және терең өңдеу жөніндегі әзірленген инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастықты көздейді.
Жобаның мақсаты – қазақстандық сертификатталған құмай шәрбатымен тамақ өндірістері арқылы органикалық өнімдердің әлемдік тұтыну нарығына шығу және халықаралық нарықта лайықты орын алу.
Қазіргі уақытта бұл ел экономикасы мен агроөнеркәсіптік кешеніндегі ең перспективалы бағыт екенін, ол Қазақстанның ауыл шаруашылығын жаңа инновациялық деңгейге шығаратынын атап өткен жөн.
Бүгінде Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірлерінде негізгі шикізат ретінде қант құмайын пайдаланатын ауыл шаруашылығы кластерлерін дамыту қажет. Топырақ және климаттық жағдайлары бойынша ҚР қант құмайын өнеркәсіптік өсіруге тамаша сай келеді.
Қант құмайы – өзіндік құны төмен және сапасы жоғары, ең тиімді, жоғары рентабельді ауыл шаруашылығы өнімдерінің бірі, одан 50-ден астам өнім түрі алынады.
Құмайды өсіру және өңдеу технологиясы аз шығынды, ресурс-энергия үнемдеуші және қоршаған ортаның экологиялық жағдайын бұзбайды. Бұл – өнімділігі, пайдаланудың әмбебаптығы және өнім сапасы бойынша орасан зор әлеуетті мүмкіндіктері бар дақыл. Далалық егіншілік дақылдарының ішінде құрғақшылыққа, ыстыққа, тұзға төзімділігі және топыраққа талғампаз еместігі жағынан оған тең келетіні жоқ. Қант құмайы – жақсы фитомелиорант, жерлердің шөлейттенуімен тиімді күресуге және егіншіліктің әртараптандырылуы мен экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, топырақ құнарлылығын сапалы қалпына келтіруге ықпал етеді. Ол қарқынды мал шаруашылығын дамыту үшін жоғары ақуызды жем-шөп көзі болып табылады.
Жоба экспортқа бағдарланған, өйткені шығарылатын өнімнің негізгі бөлігі экспортқа өткізіледі. Бүгінгі таңда шығаруға жоспарланған өнімнің, оның ішінде сертификатталған органикалық құмай шәрбаты мен оны терең өңдеу өнімдерінің бүкіл көлемін сатып алуға нақты қызығушылық танытқан әлеуетті елдер бар.
Осы органикалық өнімнің барлығын Парсы шығанағы елдеріне, ҚХР-ға, ТМД және ЕО елдеріне экспорттау жоспарлануда.
Осы инвестициялық жобаны іске асыру және сүйемелдеу үшін ҒЗТКЖ-ны іске асыруда бай ғылыми тәжірибесі бар «ҰАҒББО» КеАҚ бейіндік ҒЗИ-лерінің ғалымдарын тарту жоспарлануда: «Ө.Ө. Оспанов атындағы ҚазТопырақтану және агрохимия ҒЗИ» ЖШС, «ҚазЕгіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС, «Агроинженерия ҒӨО» ЖШС, «ҚазӨсімдік қорғау және карантин ҒЗИ» ЖШС, «ҚазӨңдеу және тамақ өнеркәсібі ҒЗИ» ЖШС, «ҚазМал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ҒЗИ» ЖШС және т.б.
Жобаның шетелдік серіктесі – қант құмайының бейімделген сорттары бойынша құнды генқоры бар «Солтүстік Кавказ федералдық ғылыми аграрлық орталығы» ФМБҒМ (Михайловск қ., Ставрополь өлкесі, РФ).
Осындай агрожобаларды тираждау әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің: қанттың, барлық мал мен құс етінің, жұмыртқаның, сүт және сүт өнімдерінің бағаларын тұрақтандыруға мүмкіндік береді, бұл шағын және орта бизнестің дамуына нақты серпін беріп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай нығайтады.
Жобаны сәтті іске асыру қазақстандық бизнестің халықаралық инвесторлармен нәтижелі әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастығының негізін қалайды, сондай-ақ елдің аграрлық саласының дамуына оң серпін береді.




