‹ Жаңалықтарға оралу

Қазақстанның ғылым академияларының өкілдері ғылым мәселелерін талқылау үшін алғаш рет бас қосты

· Жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, салалық ғылым академиялары мен ғылыми қоғамдар ғылым мәселелерін алғаш рет талқылады, деп хабарлайды «Kazinform» ХАА.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстанды құру үшін отандық ғалымдардың алдында ерекше сын-қатер тұрғанын айтты: отандық ғылым ұлттық экономиканы жаңғырту ісінде авангард болуы тиіс.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы 2023 жылғы 26 сәуірде салалық ғылым академиялары мен ғылыми қоғамдардың өкілдерін шақыра отырып, ғылымды жаңғырту мәселелерін, ғылымның салалық бағыттарының проблемаларын және оларды шешу жолдарын талқылауға бастамашы болды.

2023 жылғы 12 мамырда Алматы қаласындағы «Достық үйінде» дөңгелек үстел басында елдің ірі ғылым академияларының басшылары алғаш рет бас қосты:

Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы;

Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы;

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы;

Халықаралық ақпараттандыру академиясы;

Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясы;

Әскери ғылымдардың ғылыми қауымдастығы;

Қазақстан физикалық қоғамы;

Қазақстанның әйел-ғалымдар қоғамы;

Ұлттық кинематографиялық өнер және ғылым академиясы;

Қазақстан Республикасының Кіші ғылым академиясы;

Қазақ сәулет және құрылыс ғылымдары академиясы.

Дөңгелек үстелде ұлттық экономиканы жаңғырту мәселелері, қазақстандық ғылымның, салалық академиялар мен ғылыми қауымдастықтардың негізгі проблемалары қаралды. Айтылған проблемаларды шешу үшін ұсыныстар берілді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар ғылыми проблемаларды шешу тетіктерін әзірлеу және отандық ғылымның тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін ортақ, тұрақты жұмыс істейтін жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдады.