‹ Жаңалықтарға оралу

Түркістанда Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының орталығы ашылды

· Жаңалықтар, Іс-шаралар

Түркістанда Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының орталығы ашылды, деп хабарлайды өңір әкімдігіне сілтеме жасап El.kz АА.

Экологиялық жағдайды жақсартуға және ауыл шаруашылығын дамытуға арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында Түркістанда Қазақстан Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Ясауи білім тарату орталығы ашылды. Іс-шара облыстың бес жылдығына орай ұйымдастырылды. Конференцияға өңір әкімінің орынбасары және Қырғызстан, Өзбекстан, Үндістан мен Пәкістаннан келген белгілі ғалымдар қатысты.

Жаңа Орталықтың басты мақсаты – әлемнің жетекші елдерінің озық тәжірибесін ескере отырып, аграрлық саладағы ақпаратты уақтылы насихаттау және ғылыми жаңалықтарды тарату. ҚР ҰҒА академигі, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті Тілектес Есполов ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру және бизнес-секторды дамыту үшін ғылыми әлеуетті біріктіру мен отандық инновацияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті. Іс-шара аясында ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы мен Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Конференцияға қатысушылар Түркістанның жасыл желектерін де аралап, өңірдің құрғақ климаты жағдайында көгалдандыру жұмыстарына оң баға берді. Бұған аграрлық саладағы қазақстандық ЖОО-лармен ынтымақтастық жақсы ықпал етті.

Сондай-ақ Түркістанда облыс әкімдігінің мамандары, экологтар және халықаралық сарапшылар қатысқан кездесу өтіп, өңірдегі жасыл аймақтардың көлемін ұлғайту және оларды жақсарту жөніндегі өзекті мәселелер талқыланды. Басты назар өңірдің топырақ-климаттық жағдайларына, ағаш отырғызуға, жаңа технологияларды қолдануға, орман тұқымы аумақтары мен тұқым шаруашылығын дамытуға аударылды.

Кездесуде Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан мен Пәкістан сарапшылары, сондай-ақ университеттер мен ғылыми институттардың өкілдері сөз сөйледі. Олар қолайсыз климат жағдайында ағаш отырғызу және суармалы топырақтың құнарлылығын арттыру әдістері туралы тәжірибесі мен білімімен бөлісті.
Іс-шара көгалдандыру және ауыл шаруашылығы саласында талқылау мен тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды. Дайындалған қарар өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту және жасыл аймақтар құру жөніндегі одан арғы қадамдарды айқындайтын маңызды құжат болады.