‹ Жаңалықтарға оралу

ҰАҒА Төралқасы бюросының ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Мақта инженериясы орталығының ғалымдарымен кездесуі

· Жаңалықтар

2024 жылғы 14 тамызда «ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясы» РҚБ-да ҚР ҰАҒА Төралқасы мүшелерінің ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Қытай ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Мақта инженериясы орталығының ғалымдарымен кездесуі өтті.

Кездесуге ҚР ҰАҒА Президенті, ҚР ҰҒА академигі Т.И. Есполов, ҚР ҰАҒА бірінші вице-президенті – Е.И. Исламов, ҚР ҰАҒА вице-президенті – Г.У. Акимбекова, «АӨК экономикасы және бизнес» бөлімшесінің төрағасы, ҚР ҰАҒА академигі – Б.Е. Рүстембаев, «Мақта шаруашылығы және бақша шаруашылығы» ТӨШ Басқарма төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары, а.ш.ғ.к., ҚР ҰАҒА академигі – А.К. Қостақов қатысты.

ШҰАА-дан келген делегация құрамында кездесуге:

Туксунжан Мамат – Шыңжаң ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы Мақта инженериясы орталығының (Мемлекеттік мақта инженериясы зерттеу орталығы) бастығының орынбасары, ғылыми қызметкер, ғылым докторы; зерттеу бағыты – мақтаның генетикасы мен селекциясы, мақта өсіру ғылымы саласындағы зерттеулер, ұрық плазмасы ресурстарын зерттеу.

Гүлнұр Эхтар – ҚХР Шыңжаң ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы Мақта инженериясы орталығының (Мемлекеттік мақта инженериясы зерттеу орталығы) кіші ғылыми қызметкері, зерттеу бағыты – мақта және сапа технологиялары туралы ақпаратты талдау.

Лу Шаньвэй – Шыңжаң ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы Мақта инженериясы техникалық-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері. Зерттеу бағыты – мақта өсіруді физиологиялық-химиялық реттеу бойынша зерттеулер.

Ли Цзе – Шыңжаң ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы Мақта инженериясы техникалық-зерттеу орталығының магистрі және кіші ғылыми қызметкері. Зерттеу бағыты – мақтаны суару, су үнемдеу және тыңайтқыштар технологиясын зерттеу.

ҚР ҰАҒА Президенті академик Т.И. Есполов Ұлттық аграрлық ғылым академиясының қызметі, Қазақстандағы аграрлық ғылымның жай-күйі мен даму перспективалары туралы айтып берді. ШЫҰ-ға қатысушы елдер ынтымақтастығы аясында қабылданған жаңа шешімдер тұрғысында Қазақстан мен Қытайдың мемлекетаралық ынтымақтастығының перспективалары туралы айтты. Делегация мүшелеріне ОА елдері мен Қазақстанның тұрақты ауыл шаруашылығы үшін 2024 жылғы 27-29 маусымда ШҰАА-да (Үрімші қ.) өткен халықаралық Форумның шешімдері мен уағдаластықтарын іске асыру аясында ҚР ҰАҒА ғалымдары мен Қытай ауыл шаруашылығы академиясы ғалымдарының ынтымақтастық тәжірибесі туралы ақпарат берді.

Бірінші вице-президент Е.И. Исламов Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы Білім тарату жүйесін құру мен дамыту тәжірибесімен және «Мақтаарал» БТО қызметімен бөлісті. ҚР ҰАҒА вице-президенті академик Г.У. Акимбекова қатысушыларға Жамбыл облысында іске асырылған АӨК-тегі кооперация жөніндегі жобаларды іске асыру тәжірибесі, оның перспективалары мен проблемалары туралы ақпарат берді.

Шыңжаң ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы Мақта инженериясы техникалық-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Лу Шаньвэй Орталықтың жұмысы мен мақта шаруашылығы саласындағы жетістіктері туралы айтып берді. Мақта өсіруді физиологиялық-химиялық реттеу саласындағы жаңа тәсілдер мен мүмкіндіктер туралы әңгімеледі.

Шыңжаң ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы Мақта инженериясы орталығы бастығының орынбасары Туксунжан Мамат мақтаның генетикасы мен селекциясы саласындағы жұмыстар, Қытайда қазақстандық мақта сорттарын бейімдеу жөніндегі зерттеулер туралы ақпаратпен бөлісті.

«Мақта шаруашылығы және бақша шаруашылығы» ТӨШ Басқарма төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары Қостақов Аманды Қамбарұлы ҚХР-дағы әріптестермен мақта шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық және жобаның перспективалары туралы хабарлады.

Тараптар климаттың өзгеруі және Орталық Азия елдері мен Қазақстан шеңберінде қатысушылар географиясын кеңейту жағдайында мақта шаруашылығы, бақша шаруашылығы және суару жөніндегі жобаларды іске асыруға барынша жәрдем көрсетуге келісті.